Жаңалықтар

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың қала жұртшылығына үндеуі

Құрметті қала тұрғындары!

Ақтөбе бүгінде — жоғары индустриялық әлеуетке және бай мәдени мұраға ие Батыс Қазақстанның ең ірі қаласы. Облыс орталығының аумағы бірнеше есе өсіп, халық саны да артты. Осыған байланысты қаланы абаттандыру бойынша міндеттер аясы да кеңейді.

Қалада аумақты абаттандырудың бекітілген Қағидалары жұмыс істейді, онда заңды және жеке тұлғалар өз күштерімен іргелес аумақта тазалықты сақтауға және тәртіпті қолдауға міндетті деп нақты жазылған. Қаланы таза және көркем етіп, тәртіпке келтіруге үлес қосу — бұл барлық адамдар үшін маңызды және ортақ іс.

2021 жылғы 8 сәуірден бастап қаланы санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша екі айлық басталады, оның барысында жеке тұлғалар, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер өз аумақтарын жинау, санитарлық күтіп ұстау және оны абаттандыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыруы қажет. Сондай-ақ қоқыс пен қатты-тұрмыстық қалдықтарды полигонға қабылдау тегін жүргізіледі.

Барлық ақтөбеліктерді белсенді азаматтық ұстаным танытып, алдағы екі айлық іс-шараларға қатысуға шақырамын.

Бұл — қалаға қамқорлығымызды іс жүзінде көрсетудің бір жолы. Біздің әрқайсысымыздың қаланы жақсартуға толық мүмкіндігіміз бар. Тазалықты сақтау —облыс орталығының сыртқы келбеті ғана емес, денсаулығымыздың да кепілі.

Ақтөбе — бұл бәріміз туып-өскен жер. Біз осында өмір сүріп, жұмыс істейміз. Қаламызды одан әрі қолайлы және әдемі ету үшін бар күшімізді салайық. Таза қала өзімізден басталады!

 Құрметпен,

Ақтөбе қаласының әкімі А.ШАХАРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button